Accessibility links

Путин қайда? Ново-Огарево, Сочи және Валдай: бір-бірінен аумайтын 3 кабинеттің сыры


2020 жылғы 11 қазандағы хабарда Ресей мемлекеттік телеарнасының журналисі демін ішке тартып баяндай бастайды: президент Владимир Путиннен алған сұхбаттың үзінділері, Мәскеу мақтан тұтып жүрген гипердыбысты зымыран сынағы және өзге жаңалықтар.

"Сұхбаттан кейін тағы жұмыс" дейді тілші Путин ел қамы үшін жатпай-тұрмай жұмыс істейді деген Кремльдің насихатын қайталап. Экранның бұрышында "Ново-Огарево" (президенттің Мәскеу түбіндегі басты резиденциясы) деп жазылған, ал кадрда Путин кабинетінің есігін ашып, ішке кіріп бара жатады.

Есік тұтқалары мен қабырға панельдеріндегі өзгешеліктер Путин бір-бірінен аумайтын үш кабинетті пайдаланатынын көрсетті.
Есік тұтқалары мен қабырға панельдеріндегі өзгешеліктер Путин бір-бірінен аумайтын үш кабинетті пайдаланатынын көрсетті.

Бір кілтипан осы жерде байқалады: есік тұтқасының орналасуы және тағы да басқа ерекшеліктер видео Ново-Огаревода түсірілмегенін көрсетеді. Мұны Азаттық радиосының зерттеуі әшкереледі.

Шын мәнінде түсірілім оңтүстікке қарай 1500 шақырым жерде Қара теңіз жағасында орналасқан Бочаров Ручейдегі көшірме кабинетте жасалған. Бочаров Ручей – Ресей президентінің Сочидегі резиденциясы.

Азаттық радиосы Орыс қызметінің "Система" зерттеу тобы Путиннің Ново-Огареводағы кабинетінің кемі екі көшірмесі барын анықтады . Біріншісі Сочиде болса, екіншісі Мәскеу мен Санкт-Петербург ортасындағы Валдайда. Кремль Путиннің қайда жүргенін жүздеген мәрте өтірік айтқан.

"Системаның" зерттеуіне қарағанда, Ново-Огаревода өтті деген кездесулердің көбі Сочиде немесе орманды қала – Валдайда өткен. Ресей Украинаға басып кіргелі Путин айналасы орманмен қоршалған Валдай резиденциясына басымдық берген. Оған Украин дрондарының Ресейдегі әскери және индустриялық нысандарға шабуылдай бастауы түрткі болуы мүмкін.

Зерттеушілердің айтуынша, Кремль бірталай жыл Путиннің қайда жүргені туралы ақпаратты тұрақты түрде бұрмалап келген. Бұдан Путин әкімшілігі жариялаған кездесулер мен келіссөздер іс жүзінде қай уақытта өтті деген сұрақ туады.

"Система" журналистерінің тамызда жарияланған зерттеуі Путиннің сәуір-мамыр айларында болды деген кемі бес кездесуі шын мәнінде бірнеше ай бұрын өткенін әшкерелеген. Путин бұл қулығын биыл күзде де қайталаған: Кремль тамыздан бері кемі жеті рет жаңа кездесу деп президенттің ескі видеоларын көрсеткен.

ҚҰПИЯНЫ ӘШКЕРЕ ЕТКЕН ТҰТҚА

"Система" Путин әкімшілігі мен мемлекеттік телеарна көрсеткен 700-ге тарта видео мен Кремль сайты жариялаған суреттерді талдап, Путинде бір-бірінен аумайтын үш кабинет барын анықтаған.

Журналистер сондай-ақ Путин мен оның айналасындағы адамдардың – күзет қызметі мен президент жұмысы туралы хабар тарататын тележурналистердің іс-сапар құжаттары мен әлеуметтік желідегі жазбаларын да саралаған.

Сөйтіп 2020 жылғы желтоқсанда телехабардан бір қызық жайт байқалды.

Кабинеттердегі есік тұтқалары мен панельдер арасындағы сызықтарда айырмашылық бар.
Кабинеттердегі есік тұтқалары мен панельдер арасындағы сызықтарда айырмашылық бар.

Ново-Огареводағы кеңседе Путиннің кабинетіндегі есіктің тұтқасы қабырға панельдері арасындағы сызықтан төмен орналасқан. Журналистер мұны түрлі ракурстан түсірілген фото-видеодан және еден төсеген компанияның суреттерінен растаған.

Бірақ Путин кабинеттен шығарда ұстаған есік тұтқасы панельдер арасындағы сызықтың бойында орналасқан. Бұдан шығатыны, сұхбат Мәскеу түбіндегі резиденцияда емес, Сочиде түсірілген.

Путин таққан галстуктардың өрнектерінде, телетұғырдың пішінінде, үстелдің реңкі мен үстел үстіндегі ағаш құжат салғыштың бедерінде де айырмашылық бар.

"Система" Путинді көрсеткен бейнежазбалар қайда түсірілгенін жолсапар құжаттарымен де растаған. Мысалы, 2020 жылғы тамыздағы сұхбат Кремль айтқандай Ново-Огаревода емес, Сочиде түсірілгенін есік тұтқаларымен бірге осы құжаттар да дәлелдеп отыр.

Путиннің Сергей Брилевке берген сұхбаты ресми түрде Мәскеу түбіндегі Ново-Огаревода жазылған. Бірақ кабинет ішіндегі ерекшеліктер сұхбат Сочидегі Бочаров Ручейде болғанын көрсетті.
Путиннің Сергей Брилевке берген сұхбаты ресми түрде Мәскеу түбіндегі Ново-Огаревода жазылған. Бірақ кабинет ішіндегі ерекшеліктер сұхбат Сочидегі Бочаров Ручейде болғанын көрсетті.

Зерттеушілер Кремльге қатысы бар туристік агенттік сатып алған электронды билеттерді қолға түсірген. Ол билеттерге қарағанда, сұхбат алушы Сергей Брилев 27 тамыз күні Сочиден Мәскеуге ұшқан. Мемлекеттік телеарна сұхбатты сол күні көрсеткен.

"Система" қолына электронды билеттермен қатар ВГТРК компаниясының корпоративтік электронды пошта жазбалары да түскен. Сыртқы тарап кеткен бұл құжаттарды журналистерге Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) берген.

АЙҒАҚ БОЛҒАН САПАРЛАР

Бұдан бөлек, 2020 жылғы қыркүйектегі видео да Ново-Огаревода түсірілгені айтылған. Бірақ "Система" танысқан электронды пошта жазбаларында мемлекеттік телеарна продюсері әріптесіне өтініш айтып, танымал журналист Павел Зарубин мен түсірілім тобына Сочиге іс-сапар рәсімдеуді сұрағанын көруге болады.

"Россия-1" телеарнасындағы "Мәскеу.Кремль.Путин" телебағдарламасының авторы Зарубин жалпы Сочиге көп сапарлаған. Сөйтіп сол жақтан "Ново-Огаревода" түсірілді деген бейнематериалдар алып келіп жүрген.

Зарубиннің видеосындағы кадрлар мен сыртқа шығып кеткен сапар құжаттары Путин Ново-Огаревода болды деген уақытта президент қауіпсіздік қызметінің байланыс жөніндегі маманы Сочиде түнегенін көрсетеді. Яғни Путин 2021 жылғы қазандағы видеода Бочаров Ручейде түсірілген. Бірақ телеарна Путин Ново-Огареводо болды деп белгілеген.

Кремльдің айтуынша, мына екі сурет 2024 жылғы 12 шілдеде бір кабинетте түсірілгенін айтады. Бірақ "Система" зерттеуі бұл екеуі екі бөлек кабинет екенін дәлелдеді.
Кремльдің айтуынша, мына екі сурет 2024 жылғы 12 шілдеде бір кабинетте түсірілгенін айтады. Бірақ "Система" зерттеуі бұл екеуі екі бөлек кабинет екенін дәлелдеді.

Бочаров Ручей кемінде Никита Хрущев кезінен Кремль басшыларының сүйікті резиденциясы болған. Совет одағын 1953-1964 жылдары басқарған Хрущев те, одан кейін басшылыққа келген Леонид Брежнев те осы резиденцияға жиі баратын болған. Ондағы кездесулер өтетін ғимарат 1950 жылдары салынған. Бірақ 2014 жылғы Сочи қысқы олимпиадасы қарсаңында оны сүріп тастап, орнына жаңасын салған.

Олимпиаданың ашылу салтанатынан кейінгі қабылдау кешінде түсірілген видеода Ресей мәдениет қайраткерлерімен бірге Путин мен Алина Кабаева бой көрсеткен. 2004 жылғы Олимпиада ойындарында гимнастика бойынша алтын медаль жеңіп алған Кабаева Путиннің азаматтық некедегі әйелі саналады. Баспасөз құралдары олардың екі ұлы барын айтады.

Содан кейінгі жылдары Путин Бочаров Ручейде түрлі ел басшыларын, ресейлік шенеуніктерді қабылдаған. Коронавирус індеті өршіген 2020 және 2021 жылдары эфирден Ново-Огареводо болды деп көрсетілген кездесулердің үштен бір бөлігі осы Бочаров Ручейде өткен.

Путин мұндай кездесулерді Валдайда да өткізген. Онда да кабинетінің көшірмесі бар.

ОҚШАУЛАНУ ЖӘНЕ ҚАУІПСІЗДІК

Кейінгі жылдары Путин Валдайға басымдық бергені байқалады. 2023 жылғы ақпаннан бері ол Бочаров Ручейден бойын аулақ ұстауға тырысады. 2025 жылы Ново-Огаревода болды деген кездесулердің барлығы дерлік іс жүзінде Валдайда өткен.

Путиннің резиденциялары орналасқан жерлер.
Путиннің резиденциялары орналасқан жерлер.

Валдайда да мемлекеттік резиденция бар. Ондағы ең соңғы ресми кездесу сонау 2000 жылы өткен. Одан кейін Путин ол жерге тек ерекше қонақтарды шақырған. 2016 жылы орман ішіндегі теннис алаңына кездесулер мен конференцияларға арналған жаңа ғимарат салынған. Құрылысты Ново-Огарево мен Бочаров Ручейде жөндеу жұмыстарын жүргізген компания салған. Валдайды Путиннің сүйікті резиденциясы деп атайды. Баспасөз құралдары Кабаева мен оның балалары сонда тұратынын жазған.

Мұнда қабырғадағы панельдер арасындағы сызықтар ерекшеленеді. Тағы бір айрықша белгісі – Валдайдағы кабинетте термостат шаршы панельдің қақ ортасында орналасқан. Сондай-ақ, жұмыс істеліндегі құжат салғыштың бедері де өзгеше.

2018 жылғы наурызда Кемерово қаласындағы "Зимняя вишня" сауда орталығы өртеніп, салдарынан 60 адам қаза тапқан еді. Осыдан кейін қалада бірнеше күн бойы стихиялық митингтер өтті. Наразы жұрт губернатордың отставкаға кетуін талап еткен. Өрттен үш күн өткенде Путин Валдайда кездесу өткізді. 28 наурыз күні болған ол кездесуді Кремль Ново-Огаревода өтті деп көрсетті.

2022 жылғы 24 ақпан мен 12 сәуір аралығында Путин Валдайда кемі 12 кездесу өткізген. Осы кезеңде Ресей күштері Украинаның бірнеше қаласына шабуылдап, Киевті басып алуға талпынып жатқан. Бірақ көп ұзамай бұл талпыныс сәтсіздікке ұшырап, орыс әскері Киевтен шегінуге мәжбүр болды.

Maxar Technologies компаниясы берген мына спутник суретінен Валдай түбінде әуе шабуылынан қорғау жүйесі орнатылғанын көруге болады.
Maxar Technologies компаниясы берген мына спутник суретінен Валдай түбінде әуе шабуылынан қорғау жүйесі орнатылғанын көруге болады.

Ресейдегі авторитаризм мен бюрократияны зерттейтін әлеуметтанушы Константин Гаазенің айтуынша, Украинаның Ресей энергетика және әскери нысандарына дронмен және зымыранмен шабуылы үдеген соң, Путин Валдайға басымдық берген.

"Бұл – қауіпсіздік мәселесі" дейді Гаазе.

Әлеуметтанушының сөзінше, Сочидегі Бочаров Ручей өрлеуітте орналасқан, ал Мәскеу түбіндегі Ново-Огаревоға әуе шабуылынан қорғау жүйелерін молынан орнату жұрт назарын аудартар еді. Ал Валдайдағы резиденция салыстырмалы түрде оқшау тұр. Азаттықтың Орыс қызметі тамыздағы хабарында резиденция маңына 12 Панцир-С1 зымыран жүйесі қойылғанын айтқан.

Үш кабинеттегі панель сызықтары.
Үш кабинеттегі панель сызықтары.

Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков "Система" зерттеу тобы жіберген сауалдарды оқып, мақала жарияланғанша жауап бермеді. ВГТРК баспасөз қызметі де сауалды жауапсыз қалдырды.

2020 жылы ресейлік "Проект" медиа жобасы Путиннің Ново-Огарево мен Бочаров Ручейде бірдей кабинеті бар деп хабар таратқан. Сол кезде Песков бір‑бірінен аумайтын қос кабинет бар деген ақпаратты терістеген.

Кремль Путин кездесу өткізген жерлер туралы ақпараттың бұрмалағаны жайлы дәйектерге пікір білдірмеді.

XS
SM
MD
LG