Accessibility links

Украин дрондары Новороссийскідегі мұнай қоймасына соққы жасады


Новороссийск қаласы.
Новороссийск қаласы.

Ресейдің Краснодар өлкесінің жедел штабының хабарлауынша, украин дрондарының соққысы салдарынан Новороссийск портындағы “Шесхарис” тиеу кешеніндегі мұнай қоймасы бүлінген. Төтенше жағдай қызметі де “жағалаудағы құрылымдардың” зақымдалғанын хабарлады.

Жедел штабтың хабарлауынша, Новороссийскіде дрон бөлшектері көп қабатты тұрғын үйлердің біріне құлап, бірнеше пәтердің әйнегі сынған. Төрт адам зардап шеккен. Дрон бөлшектері 16 қабаттық тағы бір тұрғын үй кешеніне құлап, екі пәтер бүлінген.

“Шесхарис” кешені – Ресейдің оңтүстігіндегі мұнай өнімдерін тиейтін ең ірі шикізат құю кешендерінің бірі. Ол мұнай және мұнай өнімдерін экспортқа қабылдау, сақтау және жөнелту, сонымен бірге Краснодар өлкесіндегі мұнай өңдеу зауыттарына шикізат жеткізу үшін қолданылады. Қазақпараттың дерегінше, "Шесхарис" кешені арқылы қазақстандық жүк тасымалдаушылар жылына 6 млн тоннадан астам мұнай экспорттайды.

Қазақстан энергетика министрлігі Ресей жағымен байланыста отырғанын, мұнай тасымалдауға қатысты ақау бар-жоқтығы анықтап жатқанын айтқан.

"Ақпарат анықталып жатыр. Ресей жағымен байланыстамыз. Деректер расталғаннан кейін ресми түсініктеме береміз" деді министрлік өкілдері.

Новороссийскіге бұған дейін де украин дрондары шабуыл жасаған. Новороссийскідегі әскери-теңіз базасында кемелер мен сүңгуір қайықтар шоғырланған. Ал ол жақтағы Каспий құбыр консорциумының (КТК) терминалы арқылы Ресей, Әзербайжан және Қазақстан мұнайы халықаралық нарыққа жол тартады.

КТК – Қазақстан мен Ресей және әлемдегі жетекші мұнай өндіруші компаниялар қатысатын аса ірі халықаралық жоба. Құбырдың ұзындығы 1,5 мың шақырым. КТК негізінен Батыс Қазақстан мұнайы мен Ресей мұнайын тасымалдайды.

XS
SM
MD
LG