АҚШ санкцияға ұшыраған ресейлік компаниялар «Лукойл» мен «Роснефтке» Қазақстандағы Қарашығанақ, Теңіз кеніштері мен Каспий құбыр консорциумы бойынша операциялар жүргізуге рұқсат берді.
АҚШ қаржы министрлігіне қарасты шетел активтерін бақылау жөніндегі басқарма екі ресейлік компанияға Батыс Қазақстандағы екі мұнай және газ кен орнын игеріп жатқан компаниялардағы, сонымен бірге Қазақстан мұнайының шамамен 80 пайызын Батысқа тасымалдайтын Каспий құбыр консорциумындағы үлестерін сатуға тыйым салған еді. Осы жобадағы санкцияға ілінген ресейлік компаниялар батыстың ірі мұнай компанияларымен бірге жұмыс істейді.
14 қарашада АҚШ "Лукойлдың" шетелдегі бөлімшелерін санкция тізімінен уақытша алып тастағаны белгілі болды. Бұл компанияларға активтерін сатуға көбірек уақыт береді.
АҚШ қаржы министрлігінің мәлімдемесінде шетел активтерін сатуға кедергі жасайтын санкциялар 13 желтоқсанға дейін алынып тасталатыны жазылған. Ресейлік компаияларға тиесілі шетелдегі жанармай станциялары да осы уақыт аралығында істей алады.
АҚШ қаржы министрлігіндегі мәліметке қарағанда, бұған қоса, соңғы өзгерістер компанияларға "Лукойлмен" оның шетелдегі активтерін сатып алу бойынша келіссөз жүргізуге рұқсат береді. Бұған қоса, Reuters жұма күні сондай ықтимал сатып алушылардың арасында америкалық инвестициялық Carlyle компаниясы бар екенін жазды.
"Лукойлдың" Болгариядағы бөлімшелеріне, соның ішінде Бургас мұнай өңдеу зауыты және ұшақтар мен кемелерге жанармай құю қызметтерін ұсынатын компанияларға алты айға жуық мерзімге жарамды жеке лицензия берілген. Олар сәуір айының соңына дейін жұмыс істей алады. Болгария үкіметі бұған дейін Ұлыбританияның осы активтерге қарсы санкцияларын ақпан айына дейін тоқтата тұруға қол жеткізген болатын.
- Қазақстанда "Лукойл" компаниясы "Теңізшевройл" консорциумында - 5% үлеске, Қарашығанақ кен орнының операторында – 13,5%, Kalamkas-Khazar Operating-те 50% және "Әл-Фараби Operating-те" 49,99 пайыздық үлеске ие. Ресейлік компания сонымен қатар Хвалынск және Орталық кеніштерін «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясымен ортақ кәсіпорындар арқылы бірігіп игереді.
- «Роснефть» Қарашығанақ және Теңіз мұнай-газ кеніштерін игеруге қатысады, бірақ оның ондағы үлесі аз. Дегенмен компания экспорттық инфрақұрылымда маңызды рөл атқарады. Оған Каспий құбыр консорциумының 7,5% акциясы тиесілі.