Ақын Күләш Ахметова дүниеден өтті

Күләш Ахметова. Әдебиет порталынан алынған сурет.

Ақын Күләш Ахметова 80 жасқа қараған шағында бақилық болды. Оның қайтыс болғанын мәдениет және ақпарат министрлігі хабарлады.

"Күләш Ахметова – өзінің нәзік лиризмімен, азаматтық асқақ үнімен, ұлттық руханиятқа сіңірген өлшеусіз еңбегімен қазақ поэзиясында айрықша із қалдырған тұлға. Қазақ поэзиясының ақ гүлі атанған ақынның әр жылдары жарық көрген «Ақ гүлім менің», «Сен менің бақытымсың», «Бұлақтағы жұлдыздар», «Мейірім», «Жапырақ – жаздың жүрегі» секілді жыр жинақтары оқырман жүрегіне жол тауып, бірнеше буынның эстетикалық талғамын қалыптастырды" деп жазылған министрліктің хабарламасында.

Күләш Ахметова 1946 жылы 25 сәуірде Қырғызстанда туған. 1961 жылы Жамбыл медициналық училищесін, 1973 жылы ҚазМҰУді тамамдаған.

Ақынның әр жылдары “Ақ гүлім менің”, “Сен менің бақытымсың”, “Бұлақтағы жұлдыздар”, “Мейірім”, “Жапырақ – жаздың жүрегі” атты өлеңдер жинағы оқырманға жақсы таныс.

"Азаматтық үнінің айқындығымен, нәзік сыршылдығымен ерекшеленетін Ахметова шығармалары туған елді сүю, адалдық, достық, махаббат сезімдерін арқау етеді. Замандастың көңіл-күйі, жан әлеміндегі құбылыстар, әйел тағдыры — ақынның лирикалық толғаныстарының арқауын құрайды" деп жазды "Әдебиет порталы".