Қазақстан мен Өзбекстанның президенттері аймақ жетекшілерінің алғашқы кеңесін 2026 жылы өткізуге келісті. Бұл жөнінде ресми арналар хабарлады. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 14 қарашада мемлекеттік сапармен Ташкентке барды, онда оны өзбек әріптесі Шавкат Мирзияев қарсы алды.
15 қарашада мемлекет басшылары "Көксарай" резиденциясында шағын форматта келіссөз өткізді. Мирзияев әкімшілігінің хабарлауынша, «энергетика, көлік, химия өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы және су шаруашылығы, қоршаған ортаны қорғау және IT сияқты негізгі салалардағы өзара тиімді серіктестікті дамытуға ерекше назар аударылған».
Ресми Ташкент Тоқаевтың сапары «өзбек-қазақ стратегиялық серіктестігі мен одақтастық тарихындағы жаңа кезеңге жол ашатынын» атап өтті.
Ақорда келіссөздің нәтижелері туралы жұтаң ақпарат таратты. Тоқаев әкімшілігі қарым-қатынастағы «жаңа кезең» туралы жазған жоқ. Ақорданың жазуынша, мемлекет басшылары "қазақ-өзбек стратегиялық серіктестігі мен одақтастығын одан әрі дамыту перспективасын егжей-тегжейлі" талқылаған. Сауда, өнеркәсіп кооперациясы, көлік-логистика, энергетика, ауыл шаруашылығы, су ресурстары секілді басым бағыттардағы, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық салалардағы ықпалдастықты нығайту мәселелерін қарастырған.
Тоқаев Ташкентке 15 қарашада өтетін Орталық Азия мемлекет басшыларының саммиті қарсаңында келді. Әзербайжан президенті Илхам Әлиев аймақ көшбасшыларының жетінші консультативтік кездесуіне «құрметті қонақ» ретінде қатысады деп айтылады.
Саммит қарсаңында Мирзияев «Янги Узбекистон» газетінде «Орталық Азия жаңа дәуір табалдырығында» атты көлемді мақала жариялады, онда ол Орталық Азия елдері арасында ынтымақтастықтың нығайып келе жатқанын және аймақ елдері өзара «қабырға емес, көпір тұрғызып жатқанын» атап өтті.
Ол Орталық Азияда шекара мәселелері толығымен шешілгенін және еркін қозғалыс аймағын құру бойынша қадамдар жасалғанын жазды (Өзбекстан азаматтары Қырғызстанға жеке куәлікпен бара алады, ал Қырғызстан азаматтары Өзбекстанға ішкі құжаттарымен де кіре алады; Ташкент Қазақстан мен Тәжікстанмен осындай келісімдерді дайындап жатыр).
Мирзияев мақалада Орталық Азия халықаралық саясатта елеулі ойыншыға айналғанын, Еуроодақ, Қытай, АҚШ, Ресей және өзге де елдермен "Орталық Азия+" форматында саммиттер өтіп жатқанын атап өтті.
"Орталық Азия сыртқы әріптестермен бірыңғай субъект ретінде тілдескен кезде оның үні барған сайын сенімді әрі қаттырақ естіледі" деді Өзбекстан басшысы.
Өткен аптада Вашингтонда "Орталық Азия - АҚШ" саммиті өткен. Оған Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан басшылары және АҚШ басшысы Дональд Трамп қатысқан. Саммит барысында минералды ресурс, авиация, ІТ саласындағы келісімдерге қол қойылды. Бақылаушылар саммитті Қытай мен Ресей арасында орналасқан аймақтағы мемлекеттерге сыртқы саясатта тепе-теңдікті сақтауға және көпвекторлы тәсілді ұстануға қосымша мүмкіндік ретінде бағалады.