14 қарашада Қостанайға шаруаларымен барған журналист Кирилл Павловты полиция ұстап, бөлімшеге жеткізді. Ол сондағы жергілікті "Наша газета" басылымына полициядағылар өзінен Қазақстан аумағынан кетпейтіні туралы түсініктеме жазуды өтінгенін айтқан. Блогердің сөзінше, ол ешқайда кетпеу туралы қолхат бермеген.
"Заңсыз ұстауға менің жуырда ауыл шаруашылығы министрлігінің әрекетін сынап, талдауым себеп болды деп ойлаймын. Атап айтқанда, мен шетел сарапшыларының дерегінше, Қазақстанда қағаз жүзінде тіркелген, бірақ жиналмаған 6 млн тонна астық бар деп мәлімдегенмін. Бұған қоса, Қазақстанның ірі қара малын "ресейлік" деп Өзбекстан мен Тәжікстанға контрабандамен өткізу схемасын да әшкереледім. Менің ойымша, астанада сот тыңдауын өткізу тым ашық болар еді, себебі жалған ақпарат тарату бойынша түзілген әкімшілік хаттамадан менің адвокаттарын өте көп процессуалдық заңсыздықтарды тапты" деді ол басылымға.
"Tokayeva&partners" адвокаттық кеңсесінің адвокаты Лилия Чаусова Павловты заңсыз ұстады деп санайды.
"Бұл әкімшілік материалды сот қарап жатыр, полиция өндірісінде емес. Тек соттың оны қамау, әкелу, ұстау, жеткізу туралы қаулы шығаруына құқығы бар. Қостанай полиция басқармасы қызметкерлерінің өндірісінде қандай да бір әкімшілік материал немесе тапсырма жоқ. Полицияның әрекеті қызметкерлердің құзыреті жоғын көрсетеді. Егер Кирилл [барудан] жалтарып жүрсе, онда бұл жеткізу болар еді. Оны не үшін полиция басқармасына жеткізіп, сонда ұстаған?" деді адвокат басылымға.
13 қарашада Азаттық Қостанай полициясына хабарласқанмен әзірге жауап ала алмады.
Басылымның жазуынша, агроблогер "Наша газетаның" редакциясына барған кезде сол жаққа да полиция барып, оны басқармаға қайта әкеткен. Басылым өкілдері "жалған ақпарат тарату" бойынша сот өтетінін хабарлады.
Биыл жазда Кирилл Павлов әлеуметтік желіде шегірткелер мәселесін көтеріп, ауыл шаруашылығы министрлігін сынағаннан кейін "жалған ақпарат тарату" бабы бойынша кінәлі танылып, айыппұл алған еді. Павлов бұл істі кәсіби қызметіне кедергі келтіру ретінде бағалаған.
Блогер жуырда ауыл шаруашылығы министрлігін “Қазақстан өз-өзін сүт өнімдерімен 100% қамтамасыз етіп жатыр” деп хабарлап, "жалған ақпарат таратты" деп айыптаған. Бірақ Астана полициясы ауыл шаруашылығы министрінің үстінен қылмыстық іс қозғаудан бас тартқан.