Тәжікстанда Украинада қаза болған танымал дінбасының ұлы жерленді

Нисориддин Хомушов

14 қарашада Душанбеде Украинадағы соғыста қаза болған, Тәжікстан ғұламалар кеңесі пәтуа бөлімінің басшысы Жамолиддин Хомушидің ұлы жерленді. 36-жастағы Нисориддин Хомушов Украинадағы қақтығыста Ресей жағында соғысқан. Ақпаратқа қарағанда, соғысқа барғаннан кейін бірден қаза болған.

Азаттықтың Тәжік қызметінің жазуынша, дінбасының ұлы кейінгі жылдары әйелі және төрт баласымен бірге Ресейде тұрған. Шамамен үш жыл бұрын Ресей қорғаныс министрлігімен келісімшартқа қол қойған. Тамыздан бері одан хабар үзілген.

Оның сүйегі еліне жуырда жеткізілген. Жұма күні Душанбеде Нисориддин Хомушов ислам ғұрпына сай жерленді. Рәсімге Тәжікстанның бас мүфтиі Саидмукаррам Әбдіқадырзада да қатысқан.

Жамолиддин Хомуши — Тәжікстан ғұламалар кеңесінің белсенді мүшесі. Ол ислам құқығы бойынша журналистерге тұрақты түрде сұхбат беріп тұрады, халық арасында танылған дінбасы.

Ресейге нәпақа табу үшін барған Орталық Азия елдерінен келген мигранттар Украинаға қарсы соғысқа жиі тартылады. Кейбірі Ресей азаматтығын алу үшін қорғаныс министрлігімен келісімшартқа қол қойса, кейбірі қысыммен, ал кейбірі ақша табу үшін қол қояды. Ресей түрмесінен босап шығу үшін де соғысқа баратындар бар.

Украинаның "Хочу жить" мемлекеттік жобасы кейінгі айларда Ресей қорғаныс министрлігімен келісімшарт жасасқан Тәжікстанның үш мыңға жуық азаматының аты-жөнін жариялаған. Ресей жағында соғысып жатқан тәжіктер саны бұдан да көп болуы мүмкін.

Тәжікстан заңы азаматтарға шетелдегі қақтығыстарға қатысуға қатаң тыйым салады, алайда елде Украинадағы соғысқа қатысқан бірде бір адам жазаланбаған.