Accessibility links

Алматыдағы оқиғадан кейін Ақмола облысында да "Атажұрт" өкілдері ұсталғаны хабарланды


"Атажұрт" партиясын құру жөніндегі бастамашыл топ мүшелері әділет министрлігіне құжат тапсыруға келіп тұр. Астана, 24 сәуір, 2023 жыл
"Атажұрт" партиясын құру жөніндегі бастамашыл топ мүшелері әділет министрлігіне құжат тапсыруға келіп тұр. Астана, 24 сәуір, 2023 жыл

Алматыда Әлімнұр Тұрғанбайды босатуды талап етіп, 12 белсенді қамалғаннан кейін Ақмола облысында да “Атажұрт” өкілдері ұстала бастады. Бұл жөнінде Азаттыққа тіркелмеген партияның мүшесі, заңгер Нәзигүл Мақсұтхан хабарлады.

“Төрт адам ұсталды. Тағы бір адамға дүйсенбі күнге полицияға шақырту берді. Үш адамды “Бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды” деп айыптап, 10 тәулікке қамады. Бұлар: Табысхан Мағұрыпхан, Ахат Мұқамет және Нұрмахан Жандарбеков. Үшеуі Малиновкада қамалып жатыр. Төртінші адам Ағыбай Мұхаметханның соты өткен жоқ. Ол Шортандыда қамауда” деді жексенбі күні Нәзигүл Мақсұтхан Азаттыққа.

Оның айтуынша, ұсталған белсенділердің кейбіріне “Әблязовтың жазбасының астына комментарий жазып, митингіге шақырдың деп айыптаған” және белсенділерге “дәлел ретінде” “мүлде бөтен жазбаларды” көрсеткен. Белсенділер айыптармен келіспеген.

Азаттық тілшісі сот қаулыларын да көрді. Мысалы, Ахат Мұхаметтің қаулысында оның "Бейбіт жиын өткізу тәртібін" бұза отырып, "15 қарашада Facebook желісіндегі Мұхтар Әблязовтың парақшасының астына 22 қараша күні сағат 12-де Астана қаласы әкімдігі алдына митингке келуге шақырған" деп жазылған.

Шортанды аудандық полициясынан Азаттық әзірге жауап ала алмады.

Бұған дейін Алматы облысында Қытай полициясы ұстап отырған Әлімнұр Тұрғанбайды босатуды талап еткен оннан астам адамның қамалғаны белгілі болған еді. Олар қарсылық ретінде Қытай туы мен Қытай басшысының суретін өртеген. Осыдан кейін сот 12 адамды қамап, тағы алты адамға әкімшілік айыппұл салғаны белгілі болды.

Тіркелмеген "Атажұрт" партиясы Шыңжаңдағы қазақтар мен Қазақстанға оралған қандастардың құқықтарын қорғаумен айналысады. Ұйым бұған дейін екі рет тіркеуге өтініш берген, алайда сол күйі тіркеле алмады. Партия өкілдерінің сөзінше, билік партия өкілдері тапсырған 700 адамның арасында "18 жасқа толмағандар, қайтыс болмағандар барын" айтқан, бірақ нақтылап көрсетпеген. Олар шешімнің саяси астары бар деп санайды.

Ал ресми Астана ешкімді алаламай тіркеп жатқанын, ұйымдардың тіркеле алмау себебінде саясат жоғын айтқан.

XS
SM
MD
LG