Accessibility links

Трамп АҚШ ядролық сынаққа дайын екенін мәлімдеді


Дональд Трамп ұшақ бортында журналистердің сұрақтарына жауап беріп тұр, 14 қараша 2025 жыл.
Дональд Трамп ұшақ бортында журналистердің сұрақтарына жауап беріп тұр, 14 қараша 2025 жыл.

АҚШ президенті Дональд Трамп ядролық сынақ өткізуді жоспарлап отырғанын растап, мұнысын "өзге елдер де соны жасап жатыр" деумен түсіндірді. Оның сөзінше, ядролық сынақ "жақын арада" өтпек. Мәселе ядролық оқтұмсықты жару жөнінде болып отыр ма, жоқ па, нақтыламады.

"Бізде өзге кез келген елге қарағанда ядролық қару көбірек" деді ұшақ ішінде журналистердің сұрақтарына жауап берген Трамп. Америка президентінің сөзінше, 4-5 жылдан кейін Ресей мен Қытай АҚШ-ты ядролық арсенал ауқымы бойынша қуып жетеді.

CNN-нің хабарлауынша, Американың энергетика саласындағы жоғары лауазымды шенеуніктері Ақ үй мен ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесті сынақ өткізбеуге көндіруге тырысып жатыр. Пентагонға сынақ өткізу туралы бұйрықты Трамп қыркүйек айында берген.

Бұған дейін Ресей де ядролық қондырғылары бар "Буревестник" ракетасы мен "Посейдон" суасты аппаратын сынақтан өткізгенін және "халықаралық міндеттемелерге сай" өткенін айтқан. Кремльдегілер "Ресей мен Қытай да ядролық сынақ өткізбегендіктен" Вашингтонның түсіндіруін күтеміз деп мәлімдеген.

Ресей АҚШ-тың ықтимал қадамдарына "орынды жауап" қарастыратынын айтқан. Қорғаныс министрі Андрей Белоусов дайындықты дереу бастауды ұсынған. Президент Владимир Путин сыртқы істер министрлігі, қорғаныс министрлігі мен арнайы қызметке мұндай сынақ өткізудің қаншалықты қажет екентігін анықтауды тапсырған. Егер АҚШ пен ядролық сынаққа тыйым салу туралы келісімнің өзге де қатысушылары сынаққа оралса, Мәскеу "жауап береді" деп мәлімдеген.

Ал АҚШ энергетика министрлігіне қарасты Sandia зертханасы жуырда оқтұмсықсыз B61-12 термоядролық бомбасының ұшу сынақтары жүргізілгенін хабарлады. Сынақ 19–21 тамызда Невададағы Тонопа полигонында өткен. Бомба F-35 ұшағынан тасталған.

Зертхана өкілдерінің айтуынша, сынақ "оң нәтиже берген" және "қарудың тиімділігін бағалауда маңызды меже" болған.

B61 — 1961 жылы құрастырылған АҚШ-тың негізгі тактикалық ядролық бомбасы. Қазіргі кезде оның B61-11 және B61-12 түрлері бар.

Стокгольм бейбітшілік мәселелерін зерттеу халықаралық институты (SIPRI) сарапшыларының бағалауынша, 2025 жылы қаңтардағы мәлімет бойынша әлемде 12 мың ядролық оқтұмсық бар, 9,5 мыңы - әскери запаста. Халықаралық арсеналдың шамамен 90 пайызы — АҚШ (4309) пен Ресейде (3700 оқтұмсық). Қытайда шамамен 600 оқтұмсық бар және 2023 жылдан бері оның қорын жылына 100-ге көбейтіп, жылдам арттырып жатыр.

XS
SM
MD
LG